|
«ҮРКЕР» мәдени – танымдық клубы
«ҮРКЕР» мәдени – танымдық клубы
Клуб туралы мәлімет
ФММК факультетінің «Журналистика» мамандығы студенттерінің бірлесуімен 2010 жылдың желтоқсан айында «Үркер» атты клуб құрылды. Бұл клуб мәдени – танымдық бағытты ұстанады. Үркер — маңдай алдыңнан туып, жолыңа нұр беріп тұрған, адастырмайтын жарық жұлдыз немесе жұлдыздар шоғыры. «Үміт артсаң үркерге қара!» -дегендей, үркердің қарсы алдынан туғанын қазақ қашанда жақсылыққа жорыған.
«Үркер» жұлдызы шоғыры түңгі аспанда шоқтай жанып, көзге айқын көрініп тұрады. Аспан әлеміндегі ең алғаш шығатын және ерекше нұрға бөлейтін жарқын жұлдыздың атын таңдау себебіміз – университеттің өміріне белсене араласып, оның дамып – өркендеуіне үлес қосу. Әр курстан ортақ мақсатпен жиналған студенттердің мүддесі бір. «Үркер» клубы – жас таланттардың томағасын сыпырып, тұсауын кесетін, жастардың шығармашылығын дамытатын клуб болмақ.
Мақсаты:
Университетіміздің мәдени іс- шараларына белсене араласу және қазақ тілі мәртебесін арттыра отырып, қазақ журналистикасын дамыту.
Міндеттері:
Белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастыра отырып, студенттерді жан – жақты дамытумен қатар журналисттік шеберлігін арттыру.
Пікірсайыстар өткізу, студенттің еркін пікір алмасуы мен қоғамдық жағдайларды талқылауға шақыру және жастар арасындағы проблемаларды шешу.
Мәдени кештер ұйымдастыру, оның негізі: ұлттық дәстүрді дамыту, студенттердің дарыны мен ерекшелігін айқындау.
Университеттегі Жастар Комитеті, Студенттік Үкімет және басқа да клубтармен тығыз байланыста болу.
Жалпы ережелер:
Студенттік клуб ФММК факультетінің «Журналистика» мамандығы студенттерінің еркін бірлестігі.
Бұл клуб өзінің қызметін клубтың Төрайымы және оның кеңесшілерінің көмегімен басқарылады.
Студенттік клуб саяси және қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз.
Клубтың құрылымы:
Студенттік клуб ФММК факультетінің «Журналистика» мамандығының белсенді студенттерін біріктіреді.
Клубты клуб мүшелерінің қалауымен сайланған Төрайым басқарады.
Клубтың негізгі қызметін Төрайымның орынбасарлары атқарады. Еркін сайлау жүйесі бойынша орынбасарлар іріктеледі.
Клубтың белсенді мүшелері:
Клуб төрайымы – Турекпенбаева Асыл
Орынбасарлары:
3-курс – Нурсали Айдана
2-курс – Бекен Еркеназ
1-курс – Рыспаева Асем
Хатшы: Құсаинова Гүлзира
Мәдени іс шараларға жауапты: Есенкулов Мұрат
«Үркер» мәдени-танымдық клубының жылдық жоспары
|
№
|
Шара
|
Жауаптылар
|
Күні
|
|
1
|
Жазушылар одағының төрағасының орынбасары Ғалым Жайлаубаймен кездесу
|
Нурсали Айдана
Рахымбердиев Алтынбек
|
4 ақпан
|
|
2
|
«Жырлайды жүрек» атты Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші
|
Жетекші, оқытушы Нарбекова Р.П
|
11 ақпан
|
|
3
|
«Әй, керім» бағдарламасының жүргізуші, Теледидар тарланы атанған Фатима Бегенбаевамен кездесу
|
Байтилесова С.
Түрекпенбаева Асыл
Сабурова Венера
|
25 ақпан
|
|
4
|
«ҮРКЕР» клубын арнайы түрде таныстыру
|
Құсаинова Гүлзира
Мұрат
|
18 наурыз
|
|
5
|
8 наурыз мерекесіне орай «Ару ғұмыр» атты «ТАҢШОЛПАН» бағдарламасындағы ару журналистермен кездесу
|
Смагулова Эльвира
Бахытбек Динара
|
25 наурыз
|
|
6
|
Белгілі тележурналист Ізтілеу Иманғалиұлы
|
Атыканова Айгерім
Бекен Еркеназ
|
30 наурыз
|
|
7
|
Факультетіміздің 10 жылдығына орай «Факультетпен таныстыру» атты іс-шара
|
Турекпенбаева Асыл
Құсайынова Гүлзира
|
6 сәуір
|
|
8
|
15 сәуір «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» махаббат күніне орай
«Махаббат – дастан» атты қойылым
|
Смагулова Элвира
Рахымбердиев Алтынбек
|
15 сәуір
|
|
9
|
Пікір сайыс клубы «Қазақстанда БАҚ төртінші билік па?»
|
Түрекпенбаева Асыл
Нурсали Айдана
Рыспаева Асем
|
29 сәуір
|
|
10
|
Дулат Исабековпен кездесу кеші
|
Нурсали Айдана
Рыспаева Асем
|
2 мамыр
|
|
11
|
Жеңіс күніне арнау
|
Бекен Еркеназ
Сабурова Венера
Нурсали Айдана
|
5 мамыр
|
|
12
|
«Досқа тілек» поэзия кеші
|
Құсаинова Гүлзира
|
25 мамыр
|
Атқарылған іс-шаралар:
1. Мақатаевтың 80 жылдық мерей тойына арналған «Жырлайды жүрек» атты жыр кеші.
Жырлайды жүрек
Өзінің шынайы таланты, сырға толы тұнық та мөлдір жырлары арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапқан мұзбалақ ақын – Мұқағали Мақатаев мұрасы бүгінде туған халқының рухани азығына, мақтанышына айналып отыр.
Жуырда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Журналистика кафедрасының меңгерушісі Ким Ольга Яковлевна, журналистика пәнінің оқытушысы Нарбекова Раушан, кітапхана меңгерушісі Нұрлығайым Дүтбайқызы және университет студенттерінің ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Жырлайды жүрек» атты еске алу кеші болып өтті.
Кешке ақынның жақындары, зиялы қауым өкілдері мен замандастары, жас әншілер және студенттер қатысты. Жыр кеші ақынның өмірі мен еңбек жолына арналған шағын бейне сюжеттен басталып, студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты. Осы мәдени шараға қатысқан М.Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова; журналист-ақын Аманхан Әлімұлы; белгілі ақын Оразақын Асқар; кино өнерінің қайраткері, профессор Шаяхмет Имашұлы; М. Мақатаев өмірін зерттеуші, ақын Аян Нысаналин және Қазақстанның еңбек сіңірген күміс көмей әншісі Нұрғали Нүсіпжанов ағалар студенттер қауымымен Мұқағали Мақатаев туралы естеліктерімен бөлісіп, ақынның өлеңдерін оқыды.
Айдарбек Рысбек, Ахат және Алпамыс, Жамалбек Ұшқын, Жандос Өтебаев сынды жас әншілер және «Меломен» тобы мен «Айтұмар» қыздар тобы өнер көрсетіп, ақынның елге танымал, «Саржайлау», «Бала ғашық», «Қазақ жері», «Сенің көзің» т.б әндерін орындап халық көңілін бір көншітсе, табиғат-ана тартуы – М.Мақатаевтың аспан астындағы ескерткіші жайлы сюжет барлығын таң қалдырды. Журналистика кафедрасының меңгерушісі Ким Ольга Яковлевнаның ақынның өлеңін мәнерлеп оқуы да тосын сый болды.
Журналистика мамандығы студенттері ақынның «Менің анкетам», «Махаббат диалогы», «Ғашықпын» өлеңдерін және «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларынан үзінділерді сахналық қойылым ретінде шебер сомдады.
Жүрекке жылу сыйлаған, ақын шығармашылығымен қауыштырған жыр кеші жас ақындардың М.Мақатаевқа арналған арнау өлеңдермен аяқталды. Қазақ халқының біртуар ақиық ақынын ұлықтау – жастардың ойына ой қосып, рухани дүниесін байытып, жыр әлемінің құдіретімен қанаттандыратыны сөзсіз.
ФММК «Журналистика» 311 топ
Турекпенбаева Асыл
2. Жазушылар одағының төрағасының орынбасары , Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлаубаймен кездесу.
Жазушымен жүздесу
4 ақпан күні Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде Алаш сыйлығының иегері, Ресейдегі Есенин сыйлығының лауреаты, қазірдегі Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлаубаймен салиқалы кездесу кеші өтті.
Аталмыш кешке Менеджмент және Халықаралық Қатынастар факультетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі Ольга Ким, мұғалім Салтанат Бәйтілесова және І, ІІ, ІІІ курста оқитын болашақ журналистер қатысты. Алтын уақытының бір бөлігін қиып келген Ғалым аға студенттермен әдебиет пен журналистикаға қалай келгендігі жайлы сырымен бөлісті. Сол секілді бүгінгі күннің айтулы шарасы VII қысқы Азия ойындары туралы да Ғалым ағаның пікірін тыңдадық. Ақын Қазақстанның шайбалы хоккейден қыздар құрамасының бас жанкүйері екен. Студенттердің кейбірі жазушының пайым-парасатқа толы әңгімесінен үлгі-өнеге алса, кейбірі ақын өлеңдерінен шабыттың шақпақ отын таба білді. Сондай-ақ Ғалым аға студенттердің сауалдарына жауап беріп, өзінің экология саласында жазған аналитикалық мақалаларының жинақ-кітабын тарту етті.
Небәрі бір сағатқа созылса да жанымызға жылу сыйлап үлгерген кеш ағамыздың ізгі тілек-ниеттерімен аяқталды. Тәлім-тәрбиеге толы мұндай жүздесулер көптеп болып тұрса нұр үстіне нұр болмақ!
ФММК «Журналистика» 311 топ
Смагулова Эльвира
3. Тележурналист, «Әй, керім» бағдарламасының авторы, теледидар тарланы атанған Фатима Бегенбаевамен кездесу
Ақпан айының 25 жұлдызында Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде қазақ телевидениесінде 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі журналист, «Әй, керім» хабарының ұйымдастырушысы – Фатима Бегенбаевамен кездесу кеші болып өтті.
Кешке Менеджмент және Халықаралық Қатынастар факультетінің Журналистика кафедрасының ұстаздары – Бәйтілесова Салтанат, Нарбекова Рашан және «журналистика» мамандығының І, ІІ, ІІІ курс студенттері қатысты.
Жанымызға жылу сыйлаған бұл кездесу кеші өте қызықты өтті. Кеш қонағы студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өзінің журналистік тәжірибесімен бөлісті, болашақ журналистерге көптеген пайдалы кеңестер берді. Кеш соңында Фатима апай қонатарға ізгі тілектерін білдіріп, өзінің «Әй, Керім» атты кітабын сыйға тартты.
ФММК «Журналистика» 311 топ
Турекпенбаева Асыл
|
|
|